top of page
Султанияев.jpg

СҰЛТАНИЯЕВ РИФХАТ МҰҒАЛІМҰЛЫ

Султанияев Рифхат Мугалимович 1953 жылы 1 ақпанда  Гурьев облысы Теңіз ауданы Сафон селосында дүниеге келді. Білімі жоғары, 1974 жылы Гурьев педагогика институтын бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1974 жылы Гурьев облысы Теңіз ауданы Нұржау селосындағы Ленин атындағы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1985 жылға дейін аудан мектептерінде мұғалім, мектеп директорының орынбасары болып еңбек етті. Өзінің жоғары ұйымдастырушылық  қабілеті мен біліктілігін көрсете білуі нәтижесінде зор сеніп білдіріліп, 1985 жылдың желтоқсан айынан   1991 жылдың шілде айына дейін Қазақстан Компартиясы Теңіз аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, партия комиссиясының төрағасы, Шортанбай балық зауытының партия ұйымының хатшысы болып партиялық жұмыс атқарды. 1991-1992 жылдары Теңіз аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры, 1992-1994 жылдары аудан әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жасау кездерінде іскерлігі мен жоғары жауапкершілік қасиеттерін көрсете білді. Соның нәтижесінде  1994 жылы алғаш құрылған Құрманғазы аудандық мәслихаты-депутаттар жиналысының хатшысы болып сайланып, 1999 жылға дейін алғаш құрылған өкілді органды басқарды. 1999-2000 жылдары аудандық еңбек, жұмыспен қамту және халыққа әлеуметтік көмек көрсету бөлімі бастығының орынбасары, 2000-2002 жылдарда аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 2002-2004 жылдарда №3 кәсіптік–техникалық лицей директорының орынбасары болып еңбек еткен жылдарында өзінің мол тәжірибесі мен терең білімін аудан әкімдігі қызметінің және әлеуметтік саланың дамуына, кәсіптік білім беру жүйесінің жетілуіне арнады. Азаматтық қадір-қасиеті, халықпен бірлесіп жұмыстануы арқасында зор сенімге ие болып, Құрманғазы аудандық мәслихатының  І, ІІІ, ІV, V, VI шақырылымдарында аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. 2003жылы ІІІ шақырылған аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы, 2004 жылдан бастап мәслихат хатшысы болып сайланды. Содан кейінгі жылдарда ІІІ, ІV, V шақырылған аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланып, 2004- 2016 жылдар аралығында ұзақ жылдар ауданның өкілді органын басқарды. 2016 жылы VI шақырылған аудандық мәслихаттың экономика , бюджет және салық саясаты жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланды. Осы кезеңдерде жергілікті өкілді органның беделі мен ықпалын нығайтуға, жергілікті  атқарушы органмен бірлесіп, Елбасы саясатын іске асыруға  елеулі үлес қосты. Аудан экономикасының маңызды буыны болып табылатын балық шаруашылығының өзекті мәселелерін республикалық деңгейде көтеріп, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты С.Еңсегеновтың қатысуымен шешімін табуға атсалысты. Азғыр полигонының аумағында орналасқан Азғыр, Сүйіндік, Азғыр ауылдарының экологиялық проблемасы, тұрғындарының  әлеуметтік қорғалуы мәселесі бойынша мәселенің де Парламент пен Үкімет деңгейінде қаралуына жұмыстанып, нәтижесінде арнайы үкіметтік комиссия құрылып, Азғырдың экологиялық ахуалы зерделеніп, халқына әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі оң шешімін тапты. Ұзақ жылдар мәслихатта еңбек ете жүріп, заңдылықтардың сақталуына, заңнамалардың жетілдірілуіне де өз үлесін қоса білді. Атап айтқанда Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына толықтыру енгізу туралы ұсынысын  2010 жылы Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты С.Еңсегеновке жолдап, зерделену нәтижесінде, осы ұсынысы Заңның бабына толықтыру түрінде енгізілді.

         Ауданның білім беру, әлеуметтік қорағау салаларында, атқарушы және өкілді органында еңбек еткен кездерінде өзін іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсетіп, ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына үлес қоса білді, қоғамдық –саяси өмірге белсене араласты.

Еңбек еткен жылдарында мемлекеттік награда-Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2017ж), Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасымен (2008ж), Атырау облысының Құрмет грамотасымен (2003, 2008 жж), Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Құрмет грамотасымен (2013ж), «Қазақстан Республикасының парламентіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2006ж),  «Қазақстан Мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен (2014ж), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен (2015ж), «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты»  төсбелгісімен (2015ж), «Атырау мәслихаттарына 25 жыл» медалімен (2019ж) марапатталды.  2018 жылы аудандық мәслихаттың    №316- VІ шешіміне сәйкес  Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Жанұялы, 2ұл, 2қызы бар.

Султанияев: Текст

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Отправлено. Спасибо!

Султанияев: Оставить отзыв
bottom of page