top of page
Қ.Тастайбеков.jpg

ТАСТАЙБЕКОВ ҚАЙРОШ

Тастайбеков Қайрош 1907 жылы Гурьев (Атырау) облысы, Есбол (Индер) ауданының Құрылыс ауылында дүниеге келген. Қоғам және мемлекет қайраткері. Еңбекке ерте араласты. Өзін жақсы жағынан көрсете білді. 1929 жылы Зеленый селосында бүгінгі Көктоғай ауылы «Красный Октябрь» колхозын ұйымдастырушылардың бірі болды. Осында басқарма төрағасының орынбасары, соңынан басқарма төрағасы болып сайланды. 1930 - 1933 жылдары Гурьев партия-кеңес мектебінің тыңдаушысы, 1934 жылы Орал-Каспий мемлекеттік балық тресінің Старо-Лицевой балық зауытында партия ұйымының хатшысы, Гурьев аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. Гурьев аудандық кәсіподақтар кеңесінің инспекторы, 1934-1937 жылдары Гурьев аудандық парткомының нұсқаушысы, хатшысы болса, 1938 жылы Бақсай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды, 1940 жылы Гурьев облыстық Советі атқару комитетінің төрағалығына сайланды, ал 1942 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен Қазақ КСР Балық өнеркәсібі халық комиссары қызметіне тағайындалды. Яғни Қайрош ағаның біздің ауданнан шыққан тұңғыш министр деуге болады. 1944-1948 жылы Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, кейін 1947-1949 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партиялық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1949-1958 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Келес аудандарында аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққан соң да еңбектен қол үзбей, Шымкент қаласында халыққа тұрмыстық қызмет ету саласында еңбек етті. 1937-1959 (21 жыл) жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Партия мен Үкімет оның еңбегін бағалап, 1944 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1946 жылы «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапаттады.
1979 жылы өмірден өтті.

Тастайбеков: Текст
bottom of page